
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы
“Шымкент қалалық қуыршақ театры” мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны
Театр директоры Молдабеков Сардарбек Жайлауханұлы “ ҚР Мәдениет саласының үздігі”.
Көркемдік жетекшісі Малдыбаева Мақпал Назарбайқызы “ҚР Мәдениет саласының үздігі”.
Бас суретшісі Бабаева Гуля Озатқызы.
Шымкент қалалық қуыршақ театры – Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі тұңғыш кәсіби қуыршақ театры.
Театр 1983 жылдың тамыз айында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері А.Асқаровтың тікелей қолдауымен құрылған.
Театрдың алғашқы директоры – Н. Мустакиди, алғашқы бас режиссері Б. Парманов, бас суретшісі – М. Дәуренбаева болды.
Театрдың алғашқы шымылдығы 1984 жылдың ақпан айында Г. Ландаудың «Ку-ка-ре-ку» спектаклімен ашылды.
Театр репертуарының алғашқы спектакьлдері Н. Гернеттің «Гусенок», Ф. Пульманның «Волшебная лампа Алладина», С. Оспановтың «Мұңлық-Зарлық» қойылымдары болды.
1994 жылдан бастап режиссер, «ҚР мәдениет қайраткері» Т. Өтебаев театр репертуарына алғашқы қазақ тіліндегі қойылымдарды енгізіп, оның көркемдік бағытын жаңа деңгейге көтерді.
2019 жылы театр «Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры»МКҚК болып қайта құрылды. Қуыршақ труппасымен қатар жастар труппасы жасақталып, балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылымдар сахналана бастады.
2020–2023 жылдары театр репертуары ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды насихаттайтын қойылымдармен толықты. А. Құнанбайұлының, А. Байтұрсынұлының, І. Жансүгіровтің мерейтойларына арналған спектакльдер сахналанды.
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының 2024 жылғы 22 қазандағы №69 н/қ бұйрығына сәйкес, театрдың штаттық құрылымындағы шығармашылық қызметкерлерден құралған жастар труппасы «Шымкент қалалық жастар театры» МКҚК-ға берілді. Осыған байланысты, театр «Шымкент қалалық қуыршақ театры» МКҚК болып қайта аталды.
Қазіргі таңда театр репертуарында әлемдік классикалық шығармалардан, халық ертегілері мен отандық және шетелдік авторлардың пьесаларынан сахналанған 180-нен астам қойылым болса, қорда 600-ге жуық қуыршақ сақталған.
Театр алыс-жақын гастрольдік іссапарларға шығады, қайырымдылық қойылымдарды тұрақты түрде ұйымдастырып отырады.
Театр жетістіктері
Театр республикалық және халықаралық фестивальдердің бірнеше дүркін лауреаты.
1989 жылы шетелдік театрлардың қатысуымен II Халықаралық қуыршақ фестивалін ұйымдастырып өткізді.
1990 жылы Болгарияның Варна қаласында өткен «Алтын дельфин» халықаралық фестивалінде алғаш рет жүлделі орын иеленді.
1993 жылы Түркияда өткен халықаралық фестивальде Н.Оразалиннің «Ақ құс туралы аңыз» спектаклімен Гран-при жеңіп алды.
2002–2007 жылдары Алматы, Ақтөбе, Измир (Түркия), Ақтау қалаларында өткен республикалық және халықаралық фестивальдерде бірнеше жүлделі орындарға ие болып, ҚР Мәдениет министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
2014 жылы «Жылдың ең үздік мәдениет және өнер мекемесі» атанды.
2015 жылы республикалық ТОП-3 үздік театр қатарына еніп, «Сала үздігі – 2015» ұлттық сертификатын иеленді.
2016–2018 жылдары облыстық театр фестивальдерінде патриоттық мазмұн, режиссерлік, актерлік ансамбль және жеке актерлік шеберлік номинациялары бойынша жеңімпазы.
2017 жылы «Ортеке» V халықаралық фестивалінде «Ең үздік режиссерлік жұмыс» және «Ең үздік актерлік жұмыс» номинацияларын жеңіп алды.
2022 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Ассалаумағалейкум-VI» халықаралық фестивалінде «Балаларға арналған ең үздік қойылым» және «Үздік актриса» номинацияларына ие болды. Сол жылы драматург Р.Отарбаевтың республикалық фестивалінде арнайы жүлдемен марапатталды.
2023 жылы І Халықаралық «Puppetland» қуыршақ театрлары фестивалі – 7 отандық және 13 шетелдік театрлардың қатысуымен ұйымдастырылып өткізілді.
2024 жылы «Театр көктемі – 2024» I қалалық фестивалінде «Көркем актерлік ансамбль» номинациясын жеңіп алды.
2025 жылы Астана қаласында өткен IV Халықаралық «Құралай» фестивалінде «Үздік актерлік ансамбль», Ақтау қаласында өткен «NOMAD PUPPET AKTAU» халықаралық фестивалінде «Ұлттық дәстүрді сақтағаны үшін» номинацияларының иегері атанды.
Шымкент қалалық қуыршақ театры қалалық мәдени іс-шараларының тұрақты қатысушысы болып табылады.